Статистика бойынша, жас қыздар өздерінен әлдеқайда үлкен ер адамдарға ұзатылады
Қазақстанда жасөспірім қыздардың көбі жыныстық зорлықтан кейін жүкті болып, бала босанады. Өткен күзде Түркістан облысында 15 жастағы қыздың 71 жастағы көршісінен аяғы ауырлап, балалы болғаны елді дүр сілкіндірген еді. Статистикалық деректерге сүйенсек, кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік оқиғалары Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында өте жоғары көрсеткішке жеткен. Бұл өңірлерде жасөспірім қыздардың ерте босануы мен ерте тұрмысқа шығу деректері жиі тіркеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Ең алдымен, жасөспірімдер арасындағы бала туу жиілігіне тоқталайық. Статистикадағы бұл сандар әр 1 000 жасөспірім қыздың ішінен қаншауы ана атанғанын көрсетеді.
Республикалық деңгей: 2025 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 15 пен 19 жас аралығындағы әр 1 000 қыздың 13-ке жуығы (нақты 12,96) босанған. Бұл көрсеткіш тұрғылықты жерге байланысты айтарлықтай ерекшеленеді. Қалада әр 1 000 жасөспірім қыздың 10-ы босанса, ауылда бұл көрсеткіш жоғары - әр 1 000 қыздың 16-17-сі (нақты 16,63) ана атанған.
Жасөспірімдер арасындағы бала туу жағдайлары негізінен еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында жиі кездеседі. Әсіресе, келесі үш облыстағы жағдай ушығып тұр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жыл сайын табысы төмен және орташа елдерде 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады. ДДСҰ мамандары 15 пен 19 жас аралығындағы қыздардың өліміне әкелетін негізгі себептердің бірі - ерте жүктілік пен босану кезіндегі қиындықтан екенін ескертеді.
Еліміздегі жағдайға үңілсек, ерте неке мәселесі әлі де өзекті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 123,6 мың жұп ресми некесін қиған.
Айта кетерлік жайт, аталған сандардың ішінде 18 жасқа толмаған 2 қыз және 18-19 жастағы 80 бойжеткен ажырасып, тағы да тұрмысқа шыққан.
Ал ер жігіттер арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Екінші мәрте некеге тұрғандардың саны небәрі 7 адамды құрады және олардың барлығы кәмелетке толған. Бұдан байқайтынымыз, жасөспірім қыздар көбіне өз қатарластарына емес, өздерінен әлдеқайда үлкен ер адамдарға ұзатылады немесе солардың зорлық-зомбылығының құрбаны болады.
Ерте жастағы бала туудың жоғары көрсеткіші қыздардың алғашқы некеге тұру жасы ең төмен аймақтарда байқалады. Олардың қатарында Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстары бар.