Жүргізуші тамақ жеген жігітті автобустан шығарып жібермек болған
Қарағанды облысының Теміртау қаласында қоғамдық көлікте болған жанжал әлеуметтік желіде кең таралып, қоғам назарын аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оқиға №03 маршруттық автобуста болған. Instagram желісіндегі парақшада жарияланған видеода жүргізушінің жолаушыға дөрекілік танытып, оны автобустан күштеп түсірмек болғанын көруге болады.
Куәгерлердің айтуынша, жас жігіт автобус ішінде тамақ ішіп отырған. Асын ішіп болғаннан кейін артынан қоқысын да жинап қойған. Соған қарамастан жүргізуші жолаушыға тіл тигізіп, жанжал шығарған.
Аталмыш оқиғаға қатысты Қарағанды облысының полициясы түсініктеме берді. Алдын ала деректер бойынша, тексеріс барысында жүргізушінің қоғамдық тәртіп нормаларын бұзғаны анықталды. Ол жанжал кезінде бейәдеп сөздер қолданған.
«Құқық бұзушының жеке басы анықталып, оның 43 жастағы жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Аталған дерек бойынша оған қатысты қоғамдық орында балағат сөздер қолданғаны үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдары сотқа жолданды», - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың қаңтар айында Теміртауда автобустағы жанжал адам өлімімен аяқталған еді.