Ақмола облысында полициядан қашқан жасөспірім пойыздан құлап, ауыр жарақат алды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Екі жасөспірім тоқтап тұрған пойыздан секіріп жүрген

Фото: gov.kz

Ақмола облысында жасөспірімдердің қауіпті «ойыны» қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Целиноград ауданында 14 жастағы жасөспірім жүк пойызының үстінен құлап, ауруханаға түсті.

Оқиға 11 сәуір күні Жайнақ станциясында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Астанадан келген екі жасөспірім пойыз вагондарының үстімен жүгіріп, бір вагоннан екіншісіне секіріп ойнаған. Осы  сәтте оларды полиция қызметкерлері тоқтатпақ болған.

Алайда балалар қашуға тырысқан. Сол кезде олардың бірі тепе-теңдігін жоғалтып, биіктіктен құлап кеткен. Салдарынан жасөспірім бұғанасын сындырып, оны жедел жәрдем шұғыл түрде Астанадағы ауруханаға жеткізген. Екіншісі аяғын жарақаттап, жеңіл зақым алған.

Бұл деректі Ақмола облыстық полиция департаменті растады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Іс материалдары кейін Астана қаласына жолданбақ.

Полциция қызметкерлерінің айтуынша, теміржол нысандарында, оның маңайында ойнау – аса қауіпті екені  үнемі ескертіледі. Дегенмен қазіргі таңда жасөспірімдер арасында мұндай «экстрим» ойындар азаймай отырған көрінеді.