Астанада полиция қызметкерін балағаттап, ар-намысына тиген жігіт 3 жылға сотталды

Автор: Бақыт Шынар

Жуырда Қостанайда адам шошырлық әрекеттің видеосы тараған болатын

Фото: Қостанайдағы оқиғаның видеосынан скриншот

Қостанай қаласында ішімдік ішкен бір топ азамат полиция қызметкерін соққыға жыққаннан кейін ел бойынша осындай әрекеттерге қатысты тың ақпараттар шыға бастады. Астана прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, дәл бұндай жағдай елордада да болған екен, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дереккөзге сүйенсек, оқиға Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің жанында болған.  

«Алкогольді масаң күйде болған ер адам полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, олардың атына балағат сөздер айтып, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған, сондай-ақ қарсылық көрсетіп, оларға қатысты күш қолданған. Құқыққа қарсы әрекеттердің салдарынан полиция қызметкерлері жеңіл жарақат алған», - деп хабарлайды прокуратура.

Олардың сотына қатысқан прокурор күдіктілердің кінәсін дәлелдейтін айғақтар ұсынған екен әрі күдікті де кінәларын мойындап, жасаған істеріне өкінген.

«Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді», - деп хабарлайды прокуратура.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Қостанайда бір топ мас адам қызметінен тыс уақытта кәмелетке толмаған балаларды ертіп келе жатқан полиция қызметкеріне шабуыл жасаған болатын. Олардың бәрі тұтқындалды, қазір тергеу жүріп жатыр.