Қапшағайда асыл тұқымды бұзау ұрлығы ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қаскүнем агрофирмадан шотландтық «қара ангус» тұқымды екі бұзауды ұрлап кеткен

Қапшағай қаласы полиция бөлімінің кезекші бөліміне ЖШС өкілдері екі асыл тұқымды бұзау ұрланғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 1-бөлімі бойынша тіркелгеннен кейін, жедел топ оқиға орнына жетті, деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

«Тәртіп сақшылары бір тәулік ішінде күдікті - Талғар ауданының тұрғынын тауып, ұстады. Ол ұрлық жасағанын толық мойындап, осы ЖШС-де малшы болып бұрын жұмыс істегенін, кейін жұмыстан шығып кеткенін, бірақ сол жерде жұмыс істейтін ата-анасымен бірге көрші кентте Агрофирма аумағында уақытша тұратындығын жеткізген. Қылмыстық жолмен алынған ақшаға ол өзіне автокөлік сатып алуды жоспарлаған екен. Оның ақшасы болмағандықтан, көлік иесі оған асыл тұқымды бұзаулар үшін бөліп сатуға келіскен. Есептесу үшін, ол ұрлыққа бел байлаған. Күдікті өзінің жоспарын малшы болып жұмыс істейтін әкесі ауырып қалған кезде жүзеге асырған. Ол бұзауларды ұрлап, көлік сатушысына апарып берген», - деп хабарлайды Қапшағай полиция бөлімі бастығының м.а., полиция майоры Азамат Тұрғынбаев.

Шотландтық Black Angus тұқымды бұзауларының ұрланғаны туралы иелері біршама уақыттан кейін ғана байқап, полицияға хабарлаған. Осы уақыт аралығында, ұрланған бұзаудың бірі тиісті күтім жасалмау салдарынан ауырып өлген. Зардап шеккен азаматқа бір ғана жануар қайтарылды.