Түркіменстанда бірде-бір адам COVID-19 жұқтырған жоқ – ДДСҰ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елде тексеріс жүргізді
Қазіргі таңда Түркіменстанда COVID-19 расталған бірде-бір жағдай тіркелген жоқ. Бұл туралы ДДСҰ миссиясының жетекшісі, ДДСҰ Еуропалық бюросының Төтенше жағдайлар мәселелері жөніндегі аға маманы доктор Катрин Смолвуд мәлімдеді, деп жергілікті БАҚ хабарлайды.
Бүгін ДДСҰ-ның Түркіменстандағы СOVID-19-ға қатысты жағдайды зерттеу жөніндегі жұмысы аяқталды және Катрин Смолвуд коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі негізгі бақылаулармен, ұсыныстармен және қорытындылармен таныстырды
«Біз респираторлық инфекциялардың таралуын болдырмау және халық денсаулығын қорғау бойынша, соның ішінде бұқаралық іс-шаралар кезінде, базарларда, дүкендерде және қоғамдық көліктерде күшейтілген шараларды енгізуді оң бағалаймыз.
Жақында ел ішіндегі автобус және теміржол қатынасы шектелді. Маскаларды кию, қол гигиенасы және физикалық қашықтық сияқты жеке деңгейде алдын алу шаралары енгізілді», - деді ол.
Дегенмен, Түркіменстанда COVID-19 бойынша жалпыұлттық көп секторлы жұмыс тобы құрылды. Індетке дайындық және әрекет ету жоспары бекітілді және COVID-19 вирусының алдын алу, диагностикалау және емдеу жөніндегі жоспар дайындалды.
«ДДСҰ Түркіменстанға елде COVID-19 тараған жағдайда, Қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі шараларын қабылдауды ұсынады. Оларға короновирустық инфекциямен күресу үшін аса маңызды, өткір респираторлық инфекциялары бар адамдарды анықтау және ондай адамдар үшін оқшаулауды, тестілеуді және байланыстарды қадағалауды жедел қамтамасыз ету және науқастар үшін тиісті көмек көрсету сияқты іс-әрекеттер жатады. Сондай-ақ ДДСҰ халықаралық медициналық-санитарлық ережелерден туындайтын барлық елдердің құқықтары мен міндеттеріне сәйкес, Ұйым қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы кез келген күтпеген немесе ерекше оқиғалар туралы хабардар етіледі деп күтеді. Біз шығу тегі белгісіз жіті респираторлық аурулар немесе пневмония санының өсуі туралы көптеген хабарламалардың пайда болуына аса алаңдаушылық білдіреміз және осыған байланысты эпидқадағалау және тестілеу жүйелерінің жұмысын жандандыруды, сондай-ақ алынған үлгілерді қайта тестілеу үшін ДДСҰ референс-зертханасына жіберуді ұсынамыз», - деді маман.