Илхомжон Йолчиев Маңғыстау облысының әдемі жерлерінде видео түсірген
ТМД елдерінің арасында «шеф Абузар» лақап атымен танымал өзбек блогері Маңғыстау облысының әдемі жерлерін аралаған. Алайда, Бозжыра маңына келгенде ол көлігін теңізге «жуып», қазақстандықтардың ашуын туғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Илхомжон Йолчиев атты бұл блогердің 700 мыңнан астам оқырманы бар. Өткен аптада Маңғыстау облысының көрікті жерлерін аралаған ол бірнеше видео жүктеген.
Ол Бозжыраны жағалай Каспий теңізінің жағасында көлігімен бара жатқан сәтін дрон арқылы видеоға түсірген.
Бірақ, тағы бір видеосында ол батпаққа малынған көлігін Каспий теңізіне жуып, соны видеоға түсірген. Одан басқа тағы бірнеше көлік теңізге ентелей кіріп, әртүрлі трюктар жасаған.
Желі қолданушылары бұл вандализм екенін жазып, жергілікті билік пен прокуратурадан блогерді жазалауды сұрап жатыр.
Біз осы мәселеге қатысты Туризм және спорт министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігінен ресми жауап күтіп отырмыз.