Ақмола облысында құрғақ шөп өртенді

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға кешкі уақытта болған

Фото: ТЖД

Ақмола облысының екі бірдей ауданында құрғақ шөп жанған. Төтенше жағдай Зеренді және Атбасар аудандарында тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға кешкі уақытта болған. Өрт ошақтары Зеренді ауданы, Ақадыр ауылының маңында және  Атбасар қаласының іргесінде анықталды.

Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының хабарлауынша, қызыл жалын жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге ешқандай қауіп төндірмеген.

Тілсіз жаумен күреске ТЖД күштері мен техникалары жұмылдырылды. Мамандардың жедел әрекетінің арқасында өрт ауыздықталды.

«Құрғақ шөптің жануы жалпы 1,7 гектар аумақты қамтыды. Өрт толықтай сөндірілді», - деп нақтылады мекеме өкілдері.

Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себептерін анықтап жатыр. Синоптиктердің өңірдегі жоғары өрт қаупі туралы ескертуіне байланысты, құтқарушылар тұрғындарды мұқият болуға шақырады.