Түркістан облысында ер адамды ұрып өлтіріп кеткен: қылмыскерлер 15-20 жылға сотталды

Автор: Темірхан Айжан

Жәбірленуші тараптың пайдасына 25 млн теңге өндіріледі

Фото: Freepik

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кісі өлтіру және адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша екі азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот материалдарына сүйенсек, қайғылы жағдай 2025 жылғы 29 қазанда Төлеби ауданына қарасты Зағамбар ауылындағы көлік жуу орындарының бірінде болған. Басты айыпталушы болмашы себеппен жәбірленушіні ұрып-соғып, кейін көмекке келген тағы екі адамға шабуыл жасаған. Екінші айыпталушы шабуылға кедергі келтірмеген.

Төбелес салдарынан бір адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, тағы бірі жарақаттанған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды 15 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Негізгі айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді өтінді. Екінші сотталушы тек бұзақылық әрекетін мойындап, қалған баптар бойынша өзін ақтауды сұраған.

Сот екі азаматты да Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша кінәлі деп таныды. Айыпталушы жазаларды ішінара қосу арқылы 20 жылға бас бостандығынан айырылды, оған көмектескен сыбайласы 15 жылға сотталды.

Сонымен қатар, сотталғандардан жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық және материалдық шығын ретінде 25 млн теңге өндірілетін болды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.