Ол былтыр жол апатына ұшырап, құрбысы мен әпкесін өлтіріп алған еді
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты UFC файтері Шавкат Рахмоновтың әйелін Гүлайым Рахмонованы бес жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның ісі абайсызда 2 адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қаралған еді.
«2025 жылы 27 шілдеде сағат 8:30 шамасында ол Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы «Алматы-Екатеринбург» тас жолында «Toyota Land Cruiser» маркалы көлікті басқарып келе жатқан. Шаршаған күйдегі ол жол ережесін бұзып, көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Артынша оның көлігі аударылған. Апат салдарынан 2 адам қаза тапқан», - деп хабарлайды сот.
Айта кетейік, қаза болған бір әйел Гүлайым Рахмонованың әпкесі болса, екіншісі құрбысы болған. Сотта құрбысының әкесі де, өзінің жездесі де Гүлайымды кешірген.
«Прокурор оны 7 жылға дейін автокөлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды, жазаны орындауды 5 жылға кейінге қалдыруды сұрады. Сотта Гүлайым Рахмонова өз кінәсін мойындамаған», - деп хабарлайды сот.
Сот тараптарды тыңдап, іс материалдары мен дәлелдерді қарай отырып, Гүлайым Рахмонованы жол апатына кінәлі деп тапты. Оның кәмелет жасына толмаған төрт баласы бар екенін ескере отырып, сот оны бес жылға соттады. Бірақ, ол жазасын бес жылдан кейін өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.