Халықтың ең жақсы көретін мерекесі анықталды - зерттеу

Автор: Темірхан Айжан

Наурыз мерекесін тойлайтындар Жаңа жылды тойлайтындардан көп 

Фото: gov.kz

Қазақстандағы ең танымал мереке анықталды, ол – Жыл басы - Әр Наурыз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуі бойынша, қазақстандықтар 94%-ы бұл мереке туралы жақсы білсе, 87,6%-ы оны атап өтеді. Азаматтардың басым бөлігі үшін Наурыз – жаңару мен ұрпақтар сабақтастығының символы, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін дәстүрлер көрінісі.

Жаңа жылмен салыстырғанда Наурызды тойлайтындар көп. Жаңа жылды атап өту жиілігі 76,7% деңгейінде болғанымен, елдің ықыласы бірте-бірте Наурыз сияқты дәстүрлі мейрамдарға ауып жатыр.

«Көрсеткіштер Наурыз мерекесінің елдің барлық өңірлерінде кеңінен таралғанын айқын көрсетеді. Мерекені атап өту үлесі 63,3%-дан 100%-ға дейін өзгереді. Бұл оның әмбебап әрі біріктіруші сипатқа ие екенін айғақтайды», - делінген материалда.

Қоғамдық даму институтының зерттеуіне сәйкес, Наурыз – халық ең жақсы көретін мереке. Адамдардың 89,6%-ы бұл күнді ерекше сезіммен қарсы алады.

Сондай-ақ халық мерекелерден тек той-думанды емес, рухани және пайдалы мазмұнды күтеді. Әсіресе, отбасылық құндылықтарды нығайту (10,3%), жастарға арналған шаралар (7,6%) мен табиғатты қорғауға бағытталған (5,5%) мерекелерге деген қызығушылық жоғары.

Сапалық зерттеу деректері Наурыздың қазақстандықтардың күнделікті өмірінде терең орныққанын растайды. Жаңару мен жаңғырудың, мәдени сабақтастықтың символы ретінде Наурыз табиғаттың оянуымен, халықтың бірлігімен және дәстүрлердің сақталуымен тығыз байланысты. Осы арқылы ол ұрпақтар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін және қазақстандық бірегейліктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қабылданады.

Айта кетсек, Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Мемлекеттік мерекелер символдық саясат құралы ретінде» атты кешенді әлеуметтанулық зерттеуіне еліміздің барлық өңірлерінен 3 000 респондент қатысты және сарапшылармен 25 тереңдетілген сұхбат және 20 фокус-топтық талқылау жүргізілді.