«Әкімнің орынбасары жазаланды»: Ақмола облысының шұрайлы жерлерін өз бетімен басып алғандар анықталды

Автор: Бақыт Шынар

Степногорск қаласының прокуратурасы 1500 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысының прокуратурасы Степногорск қаласында 1500 гектардан астам жер заңсыз өзгенің меншігіне өтіп кеткенін анықтаған. Кейбір адамдар мемлекет меншігіндегі жерді өз бетімен басып алған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, бұл жерлердің жалпы құны 52 млн теңге.

«Тексеру барысында жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары жер заңнамасын белшесінен басқаны анықталды. Атап айтқанда, олар жер учаскелерін сауда-саттықсыз берген, конкурс ережелерін бұзған, жерді нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған, сондай-ақ жерді өз бетінше басып алу фактілеріне жол берген. Қала әкімдігі жер заңнамасын бақыламаған», - деп хабарлайды прокуратура.

Прокуратураның талабы бойынша, Жер ресурстарын басқару жөніндегі департамент тарапынан заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерін қайтару туралы 2 талап-арыз сотқа жолданды.

«Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жер қатынастары мәселелеріне жетекшілік ететін әкім орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.