Синоптиктер су басу қаупі жоғары өңірлерді атады
«Қазгидромет» шұғыл ескерту жариялады
«Қазгидромет» мамандары алдағы күндері еліміздің бірнеше өңірінде ауа температурасының күрт жылынуына байланысты шұғыл ескерту жариялады. 23-30 наурыз аралығында қардың қарқынды еруі мен өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығыс Қазақстан өңірлерінде 23-25 наурыз аралығында күндізгі температура +10°C дейін көтеріледі. Оған қоса 24 наурызда жауын-шашын күтілуде.
Қауіпті өңірлер: Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік, солтүстік және шығыс аудандары.
Салдары: Қардың қарқынды еруі.
Болжам: Судың жайылуы мен елді мекендерді су басу қаупі жоғары.
Батыс Қазақстан облысында жағдай күрделірек болуы мүмкін. Мұнда 24-30 наурыз аралығында ауа райы жылынып, термометр бағаны +22°C дейін барады.
1. Орал қаласы, Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Бөрілі және Шыңғырлау аудандары (+20°C дейін);
2. Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Ақжайық, Сырым және Қаратөбе аудандары (+22°C дейін).
«Түнгі температураның 0 градустан жоғарылауы мен нөсер жаңбырдың салдарынан еріген қар суы өзен арналарын толтырып, деңгейдің күрт көтерілуіне әкеп соғады», — дейді синоптиктер.