Қылмыстық іс төбелесті видеокамераға түсірген баланың үстінен де қозғалған
Соңғы бірнеше күннен бері Қазнетте қазақ жастарының жантүршігерлік төбелесі «қолдан-қолға өтіп», қызу талқыланып жатыр. «Астана» телеарнасының хабарлауынша, оқиға Павлодар облысында болған.
Видеоны соңына дейін көру мүмкін емес: бір жігіт екіншісін аяусыз ұрып, тепкілеп жатыр. Ал, қызық көріп түрген өзге жастар «өлтір» деп айқайлауда. Полицейлер болса төбелестің Павлодар облысында болғанын растады және оған қатысқандар түгел ұсталды дегенді айтып отыр.
«Видео арқылы төбелеске қатысушылардың жеке басын анықтадық. Оқиға 7 шілдеде болған. 18-19 жастағы бозбалалар. Зардап шеккен бала полицияға шағымданбапты. Дәрігерге де бармаған», - дейді Павлодар облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Фархад Мұратбеков.
Жерде жатқан баланы аяусыз ұрып-соққан бозбалаға «адам өлтірмек болды» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Оны қолдап, төбелесті сырттан тамашалаған достары да жауапкершіліктен құтылып кетпейді деп сендірді полицейлер. Сондай-ақ, оқиғаны видеокамераға түсіріп, видеоны әлеуметтік желілер арқылы таратқан адам да жазаланбақ. Қазір сот алды тергеу амалдары жүріп жатыр.