Ол адамдарға жалған медициналық анықтама жасап беріп отырған
Ақтөбе облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жалған медициналық анықтама сатып жүрген медбикені қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел ақпаратқа сәйкес, күдікті пайда табу мақсатында өзінің танысымен алдын ала сөз байласып, №075, №086 нысандағы медициналық анықтамалар мен санитарлық кітапшалар сатқан.
«Мұндай құжаттарды заңсыз рәсімдегені үшін олар жүйелі түрде 5 000-нан 10 000 теңгеге дейін ақшалай сыйақы алып келген. Осы уақытқа дейін осындай анықтама сатып алған 40 азамат анықталды. Оның кабинетін тінту кезінде «Дерматолог», «Лаборатория», «Жарамады/Годен», «Реакция микропреципитации экспресс әдісімен» және «Анықтамалар үшін» деген жазулары бар жалған мөрлер табылып, тәркіленді», - деп хабарлайды полиция.
Айта кетейік, бүгін хабарлағынымыздай, Қызылорда облысында жалған анықтама жазып берген дәрігер сотталып кеткен.