Шенеунік жұмыс орындалмаса да құжаттарға қол қойып беріп отырған
Қаржы мониторинг агенттігінің Ақмола облысындағы департаменті осы облыстың орталығы – Көкшетау қаласына су тартып, жол салатын қаржының қалай жымқырылғанын әшкере етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыс осыдан 6 жыл бұрын болған.
«2020 жылы «Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі» мен мердігер ұйымдар - «TAU PROJEKT» ЖШС және «СЭМ-СтройЭнергоМонтаж» ЖШС арасында бекіген жобалық-сметалық құжаттама аясында құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау және техникалық қадағалау жөнінде келісімшарттар жасалған. Алайда мердігер компаниялардың иелері қабылдау актілеріне іс жүзінде орындалмаған немесе толық орындалмаған жұмыстар туралы жалған мәліметтер енгізген», - деп хабарлайды ҚМА.
Соның салдарынан қаладағы су бұру жүйесі, арық блоктарын орнату, кәріз-сорғы станциясын жеткізу және монтаждау жұмыстары тек қағаз жүзінде ғана орындалған.
«Ал, Құрылыс бөлімінің басшысы нақты орындалған жұмыс көлемі жобалық шешімдерге сәйкес келмейтінін біле тұра, жалған актілерге қол қойған. Оның орнына ол қаржыны тоқтатып, шарттарды бұзу керек еді», - деп хабарлайды ҚМА.
Осы әрекеттің салдарынан мемлекетке 160 млн теңге зиян келген. Бұл ақшаға күдіктілер 10 автокөлік, 3 жер учаскесі мен бір пәтер сатып алған.
«Қазір бұл мүліктерге арест қойылды. Күдіктілердің біразы қамауда, біразы үйқамақта. Тергеу жалғасып жатыр», - деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.