Оның айтуынша, дауыс берушілердің көңіл-күйі жақсы
Дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес және ашық түрде өтіп жатыр. Бұл туралы Қарағанды облысындағы учаскеде «AMANAT» партиясы атынан бақылаушы болып отырған Айтуар Қуат айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, бақылаушылар дауыс беру барысын үздіксіз қадағалап, барлық рәсімдердің талапқа сай орындалуын бақылауда ұстап отыр.
«Мен Шахтинск қаласындағы №331 референдум учаскесінде бақылаушымын. Қазіргі уақытта біз учаскеде референдумның өту барысын бақылап отырмыз. Барлық рәсімдер заң талаптарына сай және ашық түрде өтіп жатыр. Дауыс беру процесі тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтуде», – деді ол.
Айтуар Қуат бақылаушылар алынған ақпаратты тексеріп, содан кейін ғана жариялайтынын атап өтті. Негізінен учаскедегі дауыс беру барысы, азаматтардың белсенділігі және жалпы ахуал туралы объективті ақпарат берілетінін айтты.
Сондай-ақ оның айтуынша, дауыс берушілердің көңіл-күйі жақсы, тұрғындар референдумға белсенді қатысып жатыр.
«Жалпы атмосфера өте жақсы. Адамдардың ел болашағына бейжай қарамайтыны байқалады», – деді бақылаушы.