Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға жауынгерлік қаруды абайсыз қолдану себеп болған
Атырау облысындағы әскери полигонда жоспарлы атыс жаттығулары барысында оқ жарақатынан мерзімді әскери қызметтегі сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай бүгін, 12 наурыз күні Батыс өңірлік қолбасшылық құрамына кіретін 41/433 әскери бөлімнің «Қарабатан» полигонында болған.
Жауынгерлік дайындық кезінде 21 жастағы мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алған. Ол облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Алдын ала деректерге сәйкес, қайғылы жағдайға жауынгерлік қаруды абайсыз қолдану себеп болған.
Осы дерек бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Оның отбасынақоданыстағы заңнамға сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті әскери ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Өскемен гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде сарбаз қаза тапқаны туралы жаздық. Қайғылы жағдайға байланысты үш басшы жазаланып, үш әскери қызметші жұмыстан кеткен болатын.