Қазір бүкіл Қазақстан оған құрмет көрсетіп жатыр
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде бір адамның бірнеше көлікке жол көрсетіп, боранды күні жаяу кетіп бара жатқан видеосы тараған еді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, жол көрінбейтін боранда жерлестеріне көмектескен адам – Тереңкөл ауылында тұратын мұғалім Мария Бедрина екен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, 10 наурыз күні Мария мен оның отбасы мінген көлік қатты боранға тап болып, трассада тоқтап қалған. Ақ түтек боранда айналадағы жол да, басқа көліктер де көрінбей қалған. Сонда Мария отбасын ауылға аман-есен алып барғысы келіп, көліктен түсіп, жол көрсете бастаған. Трассада тоқтап тұрған көліктер де Марияның артынан еріп отырған.
«Мен 2GIS арқылы Атамекен ауылындағы көпірге дейін 4 шақырым жер қалғанын көрдім. Бір жыл бұрын әлеуметтік желідегі видеодан полиция қызметкері трассадағы көліктерді осылай ертіп жүргенін көріп едім. Дала аяз әрі боран, бірақ, жол көрінбейтін болған соң мен алға шығып, жүріп отырдым», - дейді батыр келіншек.
Марияның айтуынша, боран сәл басылған кезде ол артынан еріп келе жатқан бірінші көлікке мініп, жылынып алған. Ал, жол мүлде көрінбей кеткен кезде қайтадан далаға шығып, жол бастаған екен. Марияның өзі сол күні басқа ауылдағы перзентханада жаңа босанған қызына барып, жиенімен қауышып келе жатқан.