21 жастағы жігіт бойжеткенге күш көрсетіп, оны әлеуметтік желіге жариялаған
Атырауда 19 жастағы қызға жасалған шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
AtyrauOIL телеграм-арнасы таратқан алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға 8 наурыз күні таңертең болған. Күдікті ретінде қала тұрғыны, 21 жастағы Әлішер есімді жігіт танылып отыр.
Белгілі болғандай, таңертең ерте – шамамен сағат 6:00-ден 11:00-ге дейін ер адам қызға пышақпен жарақат салып, ұрып-соғып, балағаттаған. Болған жайттың бір бөлігін ол сториске және Telegram мессенджеріндегі жазбаларға жариялап отырған.
Жәбірленуші денесі мен аяқтарында көптеген жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Оған қажетті көмек көрсетілді, қазіргі жағдайы нақтыланып жатыр.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі және 147-бабы бойынша тіркелді. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.