Астанада ішімдік ішіп, адам қағып өлтірген жүргізуші 3 жылға сотталды

Автор: Темірхан Айжан

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Фото: ЖИ

Астанада мас күйде көлік жүргізіп, адам қағып өлтірген азамат 3 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотталушы масаң күйде көлік айдап келе жатып, жол жиегіндегі жүргіншіні қағып кеткен, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыстық қудалау органы сотталушының әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни автокөлікті басқарған адамның алкогольдік масаң күйде жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адамның өліміне әкеп соққан әрекет ретінде саралаған.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдіріп, ең төменгі жаза тағайындауды сұрады. Оның бастығы жәбірленуші тарапқа моральдық зиянды өтеу ретінде 12 млн теңге көлемінде өтемақы төлеген.

Сот айыпталушыға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын және 10 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.