Мұндай ота өңірлік деңгейде алғаш рет жасалған
Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді аурухананың мамандары елордалық әріптестерімен бірлесіп, үш айлық қыз баланың жүрегіне күрделі ота жасап, сәбиді аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бастапқыда нәресте пневмония диагнозымен №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Алайда тексеру барысында дәрігерлер өмірге қауіпті патология – қолқа коарктациясын анықтады. Сәбиге 5 сағат бойы ота жасалды.
«Мұндай патология өмірдің алғашқы айларында шұғыл операцияны талап етеді. Ота техникалық тұрғыдан күрделі болғанымен, жоспарлы режимде өтті, аортаның тарылған бөлігі алынып, қан тамыры қалпына келтірілді. Қазір баланың жағдайы жақсы», – деді кардиохирург Ғалымжан Өтегенов.
№2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғанибек Ақжановтың айтуынша, бұған дейін мұндай кішкентай науқастар тек республикалық орталықтарға жіберілетін.
«Бұл – біздің ауруханамызда жасалған осындай алғашқы ота. Елордалық әріптестермен ынтымақтастықтың арқасында жоғары технологиялық көмекті өз өңірімізде көрсете алдық», – деп атап өтті Ғанибек Ақжанов.
Нәрестенің әкесі медициналық көмектің жеделдігі мен сапасына алғыс білдірді. Ота МӘМС аясында толықтай тегін жасалған. Қазіргі уақытта қыз бала жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында, денсаулық жағдайында оң динамика байқалады.