Петропавлда екі сот төрағасына қатысты атышулы істің нүктесі қойылды: олар ірі көлемде пара алған

Автор: Темірхан Айжан

Кінәлілер 8 жылдан 3,5 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды 

Фото: iStockphoto

Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының бұрынғы басшыларына қатысты жемқорлық ісі бойынша сот процесі аяқталды. Лауазымды тұлғалар ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Qazaqstan media-ға сілтеме жасап.

Іс бойынша басты айыпталушылар - СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бұрынғы төрағасы, 46 жастағы Бекбол Баймаханов пен Петропавл қалалық №2 сотының бұрынғы төрағасы, 41 жастағы Ерлан Ибраев. Олармен бірге алматылық заңгер Артем Иванов және кәсіпкерлер Гамлет Мелконян мен Геворг Погосян да жауапқа тартылды.

Тергеу мәліметінше, сотталғандар үш ірі эпизод бойынша жемқорлық схемаларын ұйымдастырған:

Біріншісі, коллекторлық агенттіктің пайдасына шешім шығару үшін 50 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу әрекеті. Судья Баймаханов өз кабинетінде 15 мың доллар көлеміндегі алғашқы траншты алу кезінде ұсталған. Екіншісі, сапасыз жол жөндеу жұмыстары үшін мердігерді «жосықсыз қатысушы» деп танымау мақсатында 2,5 млн теңге пара алу, үшіншісі, кәсіпкердің 233 млн теңге қарызын кешіру үшін оны заңсыз банкрот деп тануға ықпал ету әрекеті.

Сотталушылардың кінәсін мойындамағанына және қорғаушылардың «іс қолдан жасалды» деген уәждеріне қарамастан, сот алқасы айғақтарды жеткілікті деп тапты.

Сот шешімімен:

  • Бекбол Баймаханов - 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Ерлан Ибраев - 6 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Артем Иванов - 6 жылға сотталды;
  • Гамлет Мелконян мен Геворг Погосян 4 және 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Мұндай іс-әрекеттер қоғамның сот жүйесіне деген сеніміне нұқсан келтіреді. Судья заң алдында жоғары жауапкершілік арқалап, әділдіктің кепілі болуы тиіс», - деді судья Әсем Жанәлина үкімді оқу барысында.

Сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, оларға мемлекеттік қызметте, қаржы ұйымдарында және Ұлттық банкте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.

Сонымен қатар, сот іс бойынша арыз беруші болған судья Омаровқа қатысты жеке қаулы шығарды. Оның әрекеттерінде судьялық әдепті бұзу және ықтимал қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалғандықтан, материалдар Бас прокуратураға жолданды.