Баласына бірнеше жыл бойы алимент төлемеген әке бір күнге қамалды

Автор: Темірхан Айжан

Борышкер бар кінәсін мойындаған 

Фото: iStockphoto

Маңғыстау облысында баласына бірнеше жыл бойы алимент төлемеген әке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, азамат А. баласын асырап бағу үшін алимент өндіру туралы 2013 жылғы сот бұйрығын бірнеше жыл бойы орындамай келген. Оның бұл әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы 1-бөлігі (Сот актісін орындамау) бойынша сараланды.

Сот отырысы барысында жауапкер өз кінәсін толық мойындап, алдағы уақытта мұндай заң бұзушылыққа жол бермеуге уәде берген.

Аталған баптың санкциясында 5 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы көзделген. Сот шешімімен азамат А. кінәлі деп танылып, 1 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы кесілді.