Рудныйдағы балабақшада бүлдіршінге дөрекі әрекет жасалған видео тарады
Тексеру қорытындысы бойынша тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шығарылды
4 наурыз күні «Город» порталының редакциясына Рудный қаласындағы «Алтын бөбек» балабақшасының бейнебақылау камераларынан түсірілген жазба жолданған. Бейнекадрда қызметкердің балаларға дөрекі әрекет жасағаны байқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
3 наурыз 2026 жылы түсірілген жазбада «Ботақан-Ягодка» тобы көрсетілген. Кадрдан балаларды қадағалап отырған қызметкердің бір бүлдіршінді қолынан қатты тартып, үстел жанынан алып шыққаны көрінеді. Ал кереуетте жатқан тағы бір сәбиге қатысты әрекет те назар аудартқан. Кадр сыртындағы дауыс оның баланың жөргегін тексергенін айтқанымен, әрекет күмән туғызған.
Редакция аталған бейнематериалды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне жолдаған. Ведомство өкілдері тексеру жүргізілгенін хабарлады.
«Образовательный партнер» ЖШС-не қарасты Рудный қаласындағы жекеменшік балабақшада ата-аналардың балаларға тиісті қарамау жөніндегі шағымынан кейін бейнежазбаларға тексеру жүргізілді. Анықталған бұзушылықтарға байланысты тәрбиешінің көмекшісімен еңбек шарты бұзылды. Ұжыммен мұндай жағдайларға жол бермеу туралы қосымша нұсқама өткізілді», – делінген хабарламада.
«Алтын бөбек» жекеменшік бөбекжай-балабақшасы 192 орынға есептелген. Мекеме 2024 жылдың қазан айында ашылған. Балабақша МЖК ауданында, Қостанай көшесі, 6А мекенжайында орналасқан. Қазіргі таңда мұнда жекеменшік және мемлекеттік топтар жұмыс істейді.