Шымкентте бір подъездегі үш пәтерден төрт адамның мәйіті табылды
Тұрғындар бірнеше күн бойы газ иісіне шағымданған, алайда ресми түсініктеме әлі берілген жоқ
Шымкентте бір көпқабатты үйдің бір подъезінде орналасқан үш пәтерден төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға газдан улану себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай 3 наурыз күні күндіз Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Студенттік қалашық шағынауданында болған.
Алдын ала деректерге сәйкес, бір подъездегі үш пәтерде төрт адам көз жұмған. Көршілердің айтуынша, үйде бірнеше күн бойы газдың өткір иісі сезілген, алайда тиісті шаралар дер кезінде қабылданбаған.
Тұрғындардың сөзінше, бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың мәйіті табылған. Екінші қабаттағы басқа пәтерден 23 жастағы жігіттің жансыз денесі анықталған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде 20 жастағы студент қыз көз жұмған. Пәтер иесінің айтуынша, бойжеткеннің денесі жуынатын бөлмеден табылған.
Подъезд тұрғыны Ислам Файзуллаевтың айтуынша, алғашқы болып студент қыз табылған.
«Шамамен сағат 12:00-де қызды бірінші болып тапты. Пәтер иесі келгенде, жуынатын бөлменің есігі ішінен құлыптаулы болған. Ашқанда, квартирант қыз жуыну кезінде көз жұмғаны белгілі болды. Осыдан кейін учаскелік полиция қызметкерін шақырды. Барлық тұрғындарды сыртқа шығара бастады. Құтқарушылар келіп, басқа пәтерлердің есіктерін ашып, тағы да мәйіттерді тапты», – деді ол.
Қазіргі таңда полиция адам өліміне әкеліп соққан қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал газ қызметінен әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.