«Жұмысым жоқ»: Шымкентте жол апатында оқушы қызды аяғынан айырған жүргізуші өтемақыдан қашып жүр (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бұл жол апатында бір адам қаза тапқан еді

Фото: скриншот

2023 жылы Шымкент қаласының жанындағы Ақтас ауылының маңында Toyota көлігін тізгіндеп келе жатқан ер адам жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «ГАЗель» көлігімен соғылған. Сол жол апатынан бір әйел қаза тауып, бірнеше адам жараланған еді. Солардың арасында 11 жастағы Мадина да бар. Дәрігерлер әуел баста көліктің астына жаншылып қалған қыздың аяғын емдеуге болады деп сендірген. Алайда, апаттан кейін бір жыл өткен соң аяғы асқынып, оны ампутациялауға тура келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Информбюро» жаңалықтар қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол апатына кінәлі жүргізуші сол кезде қыздың анасына уәдені үйіп-төгіп берген. Енді сол уәделерін де, сот шешімін де орындаудан жалтарып жүр.

«Мен көлігімді сатсам да, үйімді сатсам да қызыңызды аяғынан тік тұрғызамын. Ол мүгедек болып қалмайды» деп менен кешірім алып алған. Алайда,кешірім алғаннан кейін қызымның жағдайын сұраған да жоқ, ақшалай көмек те берген жоқ», - дейді Жанар Түйгенова.

Баланың бір аяғын ампутациялау үшін тұрғындар ақша жинап беріп, Жанар баласын Индияға апарып емдеткен екен. Қазір отбасы операциядан кейінгі реабилитацияға ақша таба алмай отыр.

Сот жол апатына кінәлі азаматқа 28 млн теңге көлемінде өтемақы беруді үкім еткен. Алайда, ер адам «жұмыс жоқ» деген сылтаумен ол ақшаны қайтармай отыр.