Бұл жантүршігерлік қылмысты елге кеңінен танылған судья Зарема Хамидуллина қараған
Былтыр қарашада Атырауда 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталған екі жігітті өмір бойына соттаған Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина бірінші рет подкаст-форматында сұхбат беріп, өмірі мен жұмысы туралы ашық әңгіме айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналист Айкерім Есенәлінің youtube жобасына сұхбат берген ол марқұм Янаның өліміне қатысты сот шешімінен кейін көпшілік оны танып, қызыға бастағанын жасырмады. Оның айтуынша, сот үкімінен кейін іске қатысты айтқан пікірі «оның эмоционалды еркіндігі емес, керісінше, оның қызметтік міндеті» екенін атап өтті.
Сондай-ақ, өзінің судья ретіндегі тәжірибесінде болған өзге бірнеше ауыр қылмыстарды еске алды.
«Бұрын бір қылмыстық іс қаралды. Ол әйелдің қылмыс жасауына түрткі болған отбасылық жанжал. Ер адам 19 жыл бойы әйелін ұрған. Әйелі зорлық-зомбылықтан шаршайды да оны өлтіруге шешім қабылдайды. Ер адам ішімдікке салынған. Қылмысқа сол ер адам мен әйелдің екі қызы мен әйелдің сіңілісінің баласы куә болған. Күйеуі ішімдік ішкенде олар оның арағына димедрол құйып ұйықтатады екен. Сол күні де димедрол құйып ұйықтатқан, бірақ ер адам оянып кетеді. Әйел оған екпе салып тағы ұйықтадады. Үлкен қызы кіші қызын басқа жаққа алып кеткенде әйел күйеуін тұншықтырып өлтіреді. Сосын, төртеуі оны «Сирияға кетіп қалды» деп айтамыз деп сөз байласады. Осылайша, мәйітті үйдің гаражына апарып тастайды», - дейді судья.
Бұдан әрі олар мәйіттен «құтылып», қылмысты жасыру үшін әрекет етеді. Және бұл қылмысқа күә болған балаға, яғни, әйелдің сіңілісінің баласына «сен 18-ге толғанда машина мен үй береміз, тек қылмысты айтпа, менің күйеуімді Сирияға кетіп қалған деп айт» деп «алдап» қояды.
«Бұл қылмыстың қалай болғанын ол бала жеті жылдан кейін былай еске алған еді: «ертеңінде базарға барып, ара, балта әкеледі. Екі жұмысшыны шақырып, шарбақ қазды. Мен гараждың есігін ашып қалсам, екеуі ер адамның аяқ-қолын кесіп жатыр екен». Яғни, әйелі мен қызы денесінің бөлшектеп, көміп тастайды. Содан кейін арада жеті жыл өтеді. Бала 18-ге толып, уәде етілген машина мен үйді алуға келеді. Бірақ, ол жоқ болып шығады. Содан бала олардан 5 млн теңге сұрайды. Сосын, сотталып отырған әйел адам мен үлкен қызы ер баладан «құтылу үшін» бұл жігіттің үстінен полицияға арыз жазып, «бізді бопсалап» жүр дейді. Полиция арызды қабылдап, жігітті 5 млн теңге алып жатқан жерінен ұстайды. Сол кезде жігіт бүкіл қылмысты айтып, мүрденің көмілген жерін көрсетеді. Осылайша, қылмыс ашылып, жеті жылдан кейін мәйіт табылады», - дейді судья.
Оның айтуынша, соттағы куәгерлердің бәрі әйелдің үнемі денесі көгеріп жүретінін, таңертең үйдің шатарына шығып алатынын айтқан.
«Бірақ, мен әйелден «күйеуіңіздің ұрып-соғатыны туралы полицияға арыздандыңыз ба, ажырасуға арыз жаздыңыз ба, туыстарыңызға айттыңыз ба?» деп сұрадым. Өйткені, бір адам бір адамнан зәбір көріп жүрсе, құқық қорғау органдарына арыздану керек. Ал, өздігінен мәселе шешу ауыр зардаптарға алып барады. Ол әйелде заңға сай жазаланды», - дейді судья.