«Тоқсан екі банк картасы мен 46 ұялы телефон табылды»: ҚМА Ақтөбеде ірі операция өткізді (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Қылмыстық топ 3,5 млрд теңге пайда тапқан

Фото: скриншот

Қаржы мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысындағы департаменті прокуратурамен бірлесе отырып, цифрлық активтер айналымы саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топты әшкере етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

ҚМА-ның мәліметіне сүйенсек, бұл топтағы әр адамның өз міндеті болған және олар «иерархияға» сай жұмыс істеген. Яғни, біреуі дроппер іздесе, біреуі сол дроппердің картасына түскен ақшаны биржадағы криптоәмиянға салып отырған.

«150-ден астам дроппердің банк карталарына түскен қаражат ATAIX биржасындағы криптоәмияндарына аударылған. Қаражаттың заңды көрінісін жасау үшін дропперлер мен байланысы бар ЖШС арасында жалған қарыз шарттары рәсімделіп, кейін қаражат криптовалютаға айырбасталып, OKX биржасындағы криптоәмияндарға жіберілген. Қаражатты айырбастау және шығару үшін бақылаудағы айырбастау пункті пайдаланылып, қаражат шетел валютасына конвертацияланған. Осылайша, қылмыстық топ 3,5 млрд теңге пайда тапқан», - деп хабарлайды ҚМА.

Тінту барысында 46 ұялы телефон, 92 банк картасы, сондай-ақ 25 463 USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді.

«Бес күдікті қамалды, осы іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр»,- деп нақтылаған ҚМА.