Зардап шеккен адамдардың саны артқан
Төтенше жағдайлар министрлігі Щучьедегі дәмханада болған жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соңғы мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан жеті адам қаза тапқан. Зардап шеккендер саны 28 адамға жетті, соның ішінде 13-і ауруханаға жатқызылса, 8-і медициналық көмектен кейін үйлеріне жіберілген. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында, деп атап өтті ТЖМ.
Сондай-ақ өрт сөндірушілер дәмханадан тағы 10 адамды құтқарған.
Бұған қоса, жанып жатқан дәмханадан әрқайсысы 50 литр болатын 5 газ баллоны мен 2 оттегі баллонын алып шыққан.
«Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда», - делінген хабарламада.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жанынан қауырт желі ашылды: 8 (7162) 51-42-98.
Естеріңізге салайық, Бурабай ауданының Щучье қаласында бес қабатты тұрғын үйдің іргесіндегі бір қабатты дәмханада жарылыс болып, 7 адам көз жұмды.