Азаматтың қан қысымы 220/110 дейін барып, ұшақта талып қалған
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшысы Сағындық Аяғанов пен Астанадан Ақтауға қарай бет алған акушер-гинеколог ұшақтағы Тәжікстан азаматының өміріне араша түсіп, оған көмек көрсеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті «Маңғыстау Медиа» сайтының ресми парақшасында жазылғандай, 23 ақпан күні Астанадан Ақтауға бағыт алған ұшақ аспанға ұшқаннан кейін шамамен 1 сағаттан соң борт ішіндегі 40 жастағы ер адамның жағдайы нашарлап кеткен. Оның құлап бара жатқанын көрген Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сағындық Аяғанов бірден көмекке ұмтылып, азаматты ұстап қалған.
«Сол рейспен еңбек демалысымнан Ақтауға ұшып келе жатқан едім. Ер адамның үстіме қарай құлап келе жатқанын байқап, ұстап қалдым. Бортсеріктерді шақырып, жолаушылар арасынан дәрігер іздей бастадық. Бағымызға орай, дәрігер табыла кетті. Өзіммен бірге үнемі аспирин алып жүретін едім, азаматқа сол дәріні ұсындым. Ұшақ жерге қонғанша азаматтың жағдайын бақылап отырдық. Жалпы мұндай жағдайда кез келген адам көмектесер еді. Мен мұны азаматтық борышым деп есептеймін», - деді генерал-майор Сағындық Аяғанов.
Сол рейспен Ақтауға ұшып бара жатқан «Ана мен бала» орталығының акушер-гинекологы Тұрсын Шүйішбаева да бірден көмекке ұмтылып, науқастың қан қысымын түсірген.
«Ұшақта ер адамның қан қысымы 220/110-ға дейін көтерілгенін анықтадық. Дәрі беріп, оттегі қосып, жағдайын тұрақтандырдық. Ақтауға қонғанға дейін қан қысымын 135/85-ке дейін түсірдік. Жолаушы басының самай тұсы «қайнаған су құйғандай» ауырғанын айтты. Жолаушылар арасынан каптоприл мен аспирин табылды. Белгілі болғандай, ол бір ай бұрын өз елінде осындай жағдаймен ауруханаға түскен, алайда дәрігер кеңесін толық орындамаған. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін созылмалы ауруы бар азаматтар сапарға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүргені абзал», - дейді дәрігер.
Ұшақ Ақтауға қонған соң жедел жәрдем қызметі науқасты ауруханаға жеткізген. Қазір оның жағдайы тұрақты. Тәжікстан азаматы Амон Амонов өзіне дер кезінде көмек көрсеткен жандарға алғыс білдірді.
«Ұшақ ұшқаннан кейін жағдайым нашарлай бастады. Бір сағаттан соң бетімді жуу үшін дәретханаға беттедім. Алайда дәретханаға жетпей, жүрегім әлсіреп, сол жақ денем жансызданғандай болды. Көзім қарауытып, тыныс алу қиындады. Сол сәтте алдыңғы қатарға қарай құлаппын. Маған көмектескен адамның Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы екенін кейін білдім. Оның маған су беріп, сабырға шақырып жатқаны есімде. Есімді жиған соң мен ол кісіден кешірім сұрадым. Ол «ештеңе етпейді, бәріміз адамбыз ғой, көмектесу парызымыз» деді. Ұшақ бортында көмек көрсеткен баршаға шексіз ризамын», - дейді жолаушы.
40 жастағы азамат Ақтауға жұмыс істеуге келген. Денсаулығы дұрысталған соң өзін бір ажалдан құтқарған азаматтармен жеке кездесіп, алғысын айтқысы келеді.