Солтүстік Қазақстан ірі су қоймаларын су тасқынына дайындап үлгерді ме

Автор: Бақыт Шынар

Су министрлігі қоймалардағы дайындық толық аяқталды дейді

Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі су қоймаларын су тасқыны кезеңіне дайындау аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтсақ, «Қазсушардың» Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалы Сергеев және Петропавл гидротораптарында жоспарланған жөндеу жұмыстарының барлығын аяқтаған. Мамандар екі қойманың жағалауын бекіткен.

«Биыл Сергеев және Петропавл гидротораптарындағы жөндеу жұмыстары аясында 7 іс-шараны орындау жоспарланған. Екі нысан да Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарландыру жүйесімен бірігіп, жергілікті ескерту жүйелерімен жабдықталған», - деп хабарлайды министрлік.

Сергеев су қоймасы Есіл өзенінің ағынын реттеп, Петропавл гидроторабымен каскадта жұмыс істейді. Бұл екі нысан Солтүстік Қазақстан облысын, сондай-ақ Қостанай және Ақмола облыстарын ішінара сумен қамтамасыз ететін бірыңғай су шаруашылығы деуге болады.

«Авариялық кезекші бригадалар құрылып, оларға қажетті жабдықтар мен құрал-саймандар бердік. Су қоймаларындағы су тәулік бойы бақыланады, су тасқыны жағдайы туралы ақпаратты мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Ресей Федерациясындағы әріптестерге жеткізу үшін жедел штаб жұмыс істейді», - дейді «Қазсушар» мекемесінің Солтүстік Қазақстан облысындағы филиал директоры Ержан Күсімбаев.