Ол витринадағы азық-түліктің бәрін жерге лақтырған
Нұр-Сұлтандағы супермарткеттердің бірінде жас әйел витринадағы азық-түлікті қиратқан. Ол пышақпен қаруланғандықтан, біразға дейін ешкім оны тоқтата алған жоқ. Болған жайттың видеосын куәгерлер әлеуметтік желілерге таратуда.
Видеокадрлардан келіншектің қос қолында да пышақ бар екенін аңғаруға болады. Ол мұздатқышта тұрған жұмыртқаларды бірінен соң бірін жерге ұрып жара берген. Супермаркет қызметкері оны тоқтатпақ болып, әр тауар үшін ақша төлеу керектігін айтқанда, әйел өмірдің әділетсіз екенін айтып айқайлады.
Болған жайтқа байланысты қалалық Полиция департаменті мәлімдеме жасады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оқиға 10 шілде күні кешкі сағат алтылар шамасында Самал шағынауданындағы супермаркетте болған.
«Оқиға орнына келген полицейлер 1990 жылғы әйелді ұстады. Ол бұрын сотталған. Ұстау кезінде полицейлерге қарсылық көрсетті. Қазір күдікті Полиция басқармасына жеткізіліп, сұралып жатыр», - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.