Бурабайда квадроцикл ағашқа соғылып, бойжеткен комаға түсті (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Осы оқиғадан кейін полиция квадроцикл иелерін тексеріп жатыр

Фото: скриншот

Үш күн бұрын, 14 ақпан күні Бурабайда квадроцикл жүргізушісі ағашқа соғылып, бір бойжеткен ауыр жарақат алған. Қазір зардап шеккен қыз ес-түссіз, комада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Осы оқиғадан кейін полиция демалыс аймағындағы квадроцикл мен қарда жүретін көліктерді жаппай тексеріп жатыр.

«Ақмола облысының полиция қызметкерлері қарда жүретін көліктер мен квадроциклдердің тексеруін күшейтті. Демалыс аймақтарына, оның ішінде Бурабай курорттық аумағына ерекше назар аударып отырмыз», - деп хабарлайды аймақтың полициясы.

Осы хабарламасында полиция 14 ақпан күні Бурабайда оқыс оқиға болғанын,  бойжеткен ауыр жараланып, ауруханаға түскенін хабарлаған. Жүргізуші де жараланған, бірақ, ол есін біледі.

«Осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданады», - деп хабарлайды Ақмола облысының полициясы.