«Саған бәрі жарасады, Мишабай»: медалін жастанып ұйықтаған Михаил Шайдоровқа жұрт сүйсініп жатыр

Автор: Темірхан Айжан

Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлады 

Фото: @mikhail_shaidorov

Ел мақтанышы Михаил Шайдоров олимпиада қалашығындағы бөлмесінен фото жариялады. Ол кереуетінің басына, қабырғаға Қазақстанның туын іліп қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олимпиада чемпионы алтын медалін мойнынан шешпестен, тәтті ұйқыға батқан. Ол Eurythmics атты британдық дуэттің хиті Sweet dreams are made of this (Тәтті арман) әнінің алғашқы жолын жазып, қойған.

Желі жұрты спортшыға қолдау мен мақтау пікірілер қалдырып жатыр.

«Чемпионсың, бәрі жарасады, Мишабай», «Миша, Мишабай, Мишажан, Миша батыр, Миша алтын! Елің сенімен мақтанады! Ең басты арманың орындалды, сен ең бақытты адамсың! Бақытты бол!», «Сондай сүйкімді, медалі де жанында», «қазақтың ханзадасы», «қанша жылғы еңбегінің жемісін жеу деген осы ғой», - деп жатыр олар.

Айта кетейік, Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров мұз үстінде тарихи жеңіс жасап, ел қоржынына мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алтынды салды. Милан мұз айдынында Қазақстан туы көкке көтеріліп, әнұраны шарықтады. Бұған дейін 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қола жүлде алған болатын.