Ол жерден 11 мыңнан астам дәрі-дәрмек тіркелді
Алматы қаласында опа-далап сататын дүкенде жерасты дәріханасын ашқан екі адам ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Алматы Полиция департаментінде дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз көтеріп жіберудің алдын алу, олардың заңсыз сатылуын болдырмау мақсатында арнайы мобильді топтар құрылған болатын. Осы ретте үш күн ішінде медициналық препараттарды заңсыз сату бойынша 11 факті әшкере болған.
«Үш күн ішінде дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз сату бойынша 11 фактінің жолы кесілді. Тінту кезінде 24 000 дәрі-дәрмек құралдары бар 1200 пакет, сондай-ақ, жалпы сомасы 2,5 млн теңгені құрайтын COVID-19 анықтайтын 9000 экспресс-тест тәркіленді. Тәркіленген заттардың арасында қытайлық парацетамол да болды. Қазіргі уақытта бұл препаратты Қазақстанға жеткізу арнасы анықталып жатыр. Тіркелген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Бүгін криминалдық Полиция басқармасының қызметкерлері Алматы қаласы бойынша опа-далап сататын дүкенде жасырын дәріханасын ашқан екі адамды ұстады. Дүкенде қызметтің бұл түріне лицензия жоқ. Тергеу барысында аталған мекемеде 11 мыңнан астам түрлі дәрі-дәрмек және жалпы сомасы 1 миллион 119 мың 200 теңгені құрайтын 100-ден астам ампула тәркіленді.