28 жастағы тұрғын оқиға орнында көз жұмды
Павлодар облысы Луганск ауылының 28 жастағы тұрғыны Максим Лебедев соққыға жығылып, оқиға орнында көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, ол жанжалға қатыспаған, тек сырттай бақылап тұрып, кейін үйіне бет алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың тамыз айында болған. Іс деректеріне сәйкес, бірнеше ауыл тұрғыны өзара жанжалдасып жатқан жерде Максим де болған. Алайда ол ешкіммен дауласпай, жай ғана үйіне қайтып бара жатқан. Сол сәтте 3 ер адам оның алдынан шығып, бірден соққының астына алған.
Марқұмның анасы Ольга Лебедева сол сәтте көлікпен өтіп бара жатып, ұлын қалай ұрып жатқанын өз көзімен көргенін айтты.
«Бұл ана үшін ешқашан жазылмайтын жара. Сол көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Мен қылмыс орнында болдым, баламды кімдердің аяусыз соққыға жыққанын көрдім», — дейді Ольга Лебедева.
Полиция қызметкерлері «Адам өлтіру» бабымен іс қозғап, үш күдіктіні ұстаған болатын.
Бастапқыда іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Олар тек бір айыпталушыны кінәлі деп тауып, оны 9 жыл бас бостандығынан айырып, қалған екі күдіктіні ақтап алған еді. Бірақ жәбірленуші тарап бұл шешімге наразылық танытып, апелляциялық шағым түсірген.
Прокурор істі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қайта қарастырды. Екінші мәрте іс алқабилерсіз қаралды.
Мемлекеттік айыптаушы Елена Корневаның айтуынша, үш сотталушы бірлесіп, жерде жатқан марқұмның басы мен денесіне бірнеше мәрте соққы жасаған.
Айыпталушылар топтық соққыны жоққа шығарып, кінәні тек бірінші сотталған адамға жаппақ болды.
Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты барлық дәлелдемелерді зерттей келе, үш сотталушының да кінәсін толық дәлелдеді. Нәтижесінде әрқайсысына 9 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сонымен қатар сотталғандар марқұмның анасына 10 миллион теңге, әкесіне 5 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.