Оның сыбайласына сот 5 жыл жаза берген
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алдын ала сөз байласа отыра өзгенің мүлкін бүлдірген екі азаматты соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Олардың ісі «аса ірі көлемде зиян тигізу» бабы бойынша қаралған. Іс материалдарына сенсек, күдікті жігіт көлік иесі, яғни, полицияға арыз жазған әйелмен азаматтық некеде өмір сүрген. Аралары ажырап кеткен соң жігіт әйелдің көлігін жағып жібергісі келген.
«2024 жылдың 4 тамызы күні түнгі сағат 02:20-да күдікті жігіт жанармай құю бекетінен 1 литр бензин сатып алып, әйелдің үйіне келіп, көлігінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Ол сондай-ақ бұл іске сыбайласы ретінде туысын тартқан», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сараптама көлікті 24,8 млн теңгеге бағалап, оны аса ірі көлемдегі зиян деп бағалаған. Прокурор екі азаматты да кінәлі деп тауып, оларды нағыз мерзімге соттауды сұраған.
Сот дәлелдер мен сараптаманы ескере отырып, көлікті өртеген жігітті 6 жыл 8 айға, оның сыбайласын 5 жылға соттаған.