$ 496  588.01  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Емнің құны 16,5 млн теңге: Қазақстанда дауасы жоқ ауруға душар болған балаларды шетелге жіберу үлесі артты

Оған 2025 жылы, алдын ала болжам бойынша, 1,27 млрд теңге бөлінген 

Емнің құны 16,5 млн теңге: Қазақстанда дауасы жоқ ауруға душар болған балаларды шетелге жіберу үлесі артты
Фото: iStockphoto

Қазақстан былтыр 77 баланы шетелге емдеуге жіберді, ал 2023 жылы 66 баланы жіберген болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Таяуда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы үш жылда шетелге туыс емес донордан бағаналы жасушаларды трансплантациялауға балаларды жіберу 3 есеге, ал кардиохирургиялық емге жолдау 5,2 есеге қысқарғанын айтқан.

Мәселен, туыстық байланысы жоқ донордан гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялауға 2024 жылы 10 бала жіберілсе, 2025 жылы бар болғаны 3 пациент кетті. Кардиохирургиялық операциялар бойынша да 6 пациенттен 3 пациентке түскен.

Назар аударатын дүние: Қазақстан Республикасында балаларды шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу тек қана ел аумағында қажетті жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілмейтін, сонымен қатар ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде клиникалық негізделген баламалар жоқ болған жағдайда жүзеге асырылады. Оны эксперттік комиссиясы анықтайды. Қазіргі күні бір баланы шетелде емдету құны шамамен 16,5 млн теңге тұрады.

Министр жекелеген диагноздарға қатысты көрсеткіштің төмендегенін айтып, елдегі медициналық технологияның дамып келе жатқанын тілге тиек етсе де, жалпылама алғанда соңғы үш жылда сырқат балаларды шетелге жіберу 17 пайызға көбейген. Атап айтсақ, 2025 жылы - 77, 2024 жылы – 67, 2023 жылы – 66 бала жанына дауа іздеп, өзге елге аттанды.  

Олардың ішінде туғаннан даму ақаулары, оның ішінде қан айналым жүйесінің ақауы бар, онкологиялық ауруға душар болған балалар, бүйрек және зәр шығару жүйесінің ауыр дертіне шалдыққан, қан және иммундық жүйенің аурулары бар, кейбір күрделі кардиологиялық және неврологиялық патологиялары бар балалар емге жіберілді.

Көбі, 71 адам, жоғары технологиялы Германия медицинасымен жүрегін емдеткен. Ал 38 балаға ағза трансплантациясы, жүрек операциялары Беларусь елінде жасалған. 36 адамға сүйек кемігін трансплантациялау, нейрохирургия, ортопедия, онкология дерті бойынша Түркияда ота жасалған. Сонымен қатар 34 бала Ресейге, 39 бала Үндістанға ұшып барды.

Жекелеген ауру түрлері бойынша алғанда, кейбір профильдерде балаларды шетелге емдеуге жіберу көрсеткіші төмендеген. Мәселен,

  • Қан аурулары – 5-тен 1-ге дейін;
  • Кейбір неврологиялық аурулар – 3-тен 1-ге дейін;
  • Сүйек, бұлшықет аурулары мен жарақат салдарынан болатын аурулар бойынша мүлде жіберілмеген.  

Кейінгі үш жылда балаларды шетелде емдеуге жұмсалатын қаржы көлемі өсіп келеді: 2023 жылы – 912 млн теңге, 2024 жылы – 961 млн теңге, 2025 жылы, алдын ала болжам бойынша, 1,27 млрд теңге бөлінген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сырқатты шетелге жібермеуге негіз болатын бірнеше себеп бар: Қазақстанда емделе алады, өздігінен шетелге шыққан пациент, науқас жолға жарамайды және жағдайы өте нашар болғанда, өзге елде де емнің тиімді тәсілі болмаған жағдайда жіберілмейді. Жалпы алғанда «шетелге баруға болмайды» деп тыйым салынған диагноздар жоқ.