«Біреу қайтыс болса - сенің проблемаң»: Семейде күзет бастығы анасының қазасы үшін сұранған жігітті жұмыстан шығарып жіберген

Автор: Темірхан Айжан

Қазақстандықтар бұл оқиғаны желіде талқылап жатыр 

Фото: shutterstock

Семейдегі «Қазына» сауда орталығындағы күзет басшысы анасының қайтыс болуына байланысты екі күн жұмысқа келмеген жігітті жұмыстан қуып жіберген. Қызметкер қайғылы жағдайды әріптесіне ескертіп, бастығына жеткізуді сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Threads желісіне жігіттің әпкесі жазды.

Елназ Талғатқызының айтуынша, інісі Семейдегі «Қазына» сауда орталығындағы LC Waikiki желісінде күзетші болып жұмыс істеген. Олардың анасы 5 күн бұрын аяқ астынан жүрегі тоқтап, қайтыс болған.

«Анам жедел жәрдем келгенше інімнің қолында жан тапсырды. Бауырым қатты абдырап қалған. Ол өзінің әріптесіне анамның қайтыс болғанын айтып, орнына жұмысқа 2 күнге шығып беруді сұраған және бастығына ескертуді тапсырған. Кеше інім жұмысқа жиналып жатқанда бастығы хабарласып, оны жұмыстан шығарып жібергенін айтты», - деді Елназ.

Елназ күзет басшысының WhatsApp мессенджері арқылы жіберген дыбыстық хабарламасын жария етті. Онда ер адам көңіл де айтпаған, ешқандай адамгершілік білдірмеген.

«Анам қайтыс болды деп жазып жіберіпсің, қайтыс болған адам да, үйде қандай жағдай болса да – сенің жеке мәселең. Сен маған тікелей шығып ескертуің керек. Мен басқа адамнан естідім, үшінші болып. Мен орныңа адам алып қойдым. Жұмысқа шықпай-ақ қойсаң болады, басқасын іздей бер»,- делінген хабарламада.

Елназдың бұл мәлімдемесіне желі қолданушылары реакция білдірді.

Мөлдір Қасымбаева есімді желі пайдаланушысы LC Waikiki желісімен серіктестік орнатқан компания күзет басшысын жұмыстан шығаруға уәде бергенін айтты.