«OrdaMed» басшысы Еркін Ділімбетовке іздеу жарияланды

Автор: Бақыт Шынар

Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті іздеп жатыр

Фото: instagram / yerkin.dlimbetov

Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Медициналық жабдықтарды шетелден тасып, оны отандық өнім ретінде көрсеткен «OrdaMed» компаниясының былығын әшкере еткен еді. Бүгін белгілі болғандай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті компания басшысы Еркін Ділімбетовке іздеу жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дереккөзге сүйенсек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті іздеуге жариялау туралы істі 2026 жылдың 28 қаңтарында Астанада тіркеген.

Бұған дейін хабарлағынымыздай, «OrdaMed» АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісінің бар екені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған.

Алайда іс жүзінде дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген. Нәтижесінде мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келген.

«Тінту шаралары барысында «OrdaMed» АҚ басшылығынан құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді, «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы қатысу үлестері тыйым салынған. Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.