Елордада карантинге қарамастан кафелер мен караоке-клубтар жұмыс істеген

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың клиенттері төбелесіп, іске полиция араласты

Нұр-Сұлтанда карантин режиміне қарамастан көңіл көтеретін орындар жұмысын тоқтатпаған. Полицейлер осындай дәмханалар мен караоке-клубтың иелеріне айыппұл салды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшыларына 27 жастағы жергілікті тұрғын шағымданған. Оның айтуынша, Желтоқсан көшесіндегі дәмхананың алдында белгісіз біреу оны ұрып-соққан. Оқиға орнына келген полицейлер аталған кафенің карантинде түнгі уақытта жұмыс істегенін анықтады.

Сонымен қатар, Бейбітшілік көшесіндегі караоке-клубтың да түні бойы, яғни таңға дейін клиент қабылдағаны белгілі болып отыр. Аталған орталықта да таңғы бес шамасында төбелес болып, жәбірленген клиенттердің бірі полицияға арызданған. Тексеру барысында анықталғаны, караоке иесі есікті іштен жауып алып жұмыс істеген. Клиенттерді ол тек алдын ала қоңырау бойынша ғана қабылдаған.

Екі жайт бойынша да әкімшілік кодекстің 425-бабымен хаттама толтырылып, іс Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.