«Қорықтың инспекторлары бәрін білген»: Қызылордада сексеуіл кесіп, оны сатқан қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Кінәләрі дәлелденсе, олар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото: скриншот

Ішкі істер министрлігі Қызылордадағы ұлттық қорықтың секселуін заңсыз кесіп, оны сатқан қылмыстық топ ұстады. Сорақысы, полицияның мәліметіне сүйенсек, олардың заңсыз әрекеті туралы қорық инспекторлары білген болып шықты. Біле тұра, ақшалай сыйақы үшін сексеуіл кесіп, оны әкетіп жатқан топқа шара қолданбаған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Полиция қорық инспекторлары параны жүйелі түрде алып отырған дейді. Қылмыстық істері ұзақ уақыт бойы ашылмаған күдіктілер өздерінің жазасыз қалатындарына әбден сенген көрінеді.

«Өздерін ешкімнің ұстап, ешкімнің жазаламайтынын білген олар қорық аумағындағы ерекше сексеуілді кесіп, оны сатудың оңтайлы схемасын құрып алған. Ағашты аралап, құжат дайындап, сататын орындары табылды. Тінту кезінде бірнеше мылтық, жүк көліктері, ара мен ақша табылған», - деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.

Полиция қылмыстық топ кескен сексеуілдің орнына жаңа ағаш егіп, оны өсіру үшін ондаған жылдар кетеді дейді. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.