Компания қосымша кіріс көзін қарастырып отыр
Meta компаниясы Instagram, Facebook желілері мен WhatsApp мессенджерінің ақылы қызметтерін сынақтан өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компанияның дерегінше, жарнаманы азайту немесе толығымен өшіру, эксклюзивті өңдеу және жариялау құралдары, кеңейтілген сақтық көшірме және сақтау опциялары (әсіресе WhatsApp-та), приоритетті қолдау қызметтері ақылы болмақ. Ал хат жазысу, қоңырау шалу сияқты базалық қызметтер бұрынғысынша тегін бола береді. Қосымша ыңғайлы әрі премиум қызметтерді сатып алу керек.
Meta компаниясы премиум жазылымдарды енгізу арқылы табысын арттырғысы келеді. Олар түсіндіргендей, жарнама нарығында бұрынғыдай кіріс жоқ. TikTok сияқты бәсекелестердің алға шығып кетуі мен Еуропалық Одақ елдерінің жаңа қауіпсіздік ережелері бизнесті қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.
Сонымен қатар, АҚШ Федералдық Сауда Комиссиясы Meta-ны бақылауға алуға тырысып жатыр, бұл да қосымша фактор ретінде аталды.