$ 502.27  597.15  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атырауда аяғы ауыр келіншекті аяусыз өлтірген сантехник соттан жеңілдік сұраған

Ол үкімін жеңілдетуді сұрады

Атырауда аяғы ауыр келіншекті аяусыз өлтірген сантехник соттан жеңілдік сұраған
Фото: istockphoto.com

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жүкті әйелді аяусыз өлтіріп, ақшасы мен көлігін алып кеткен азаматтың жазасын өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, бұл қылмыс былтыр бүкіл Атырауды дүр сілкіндірген болатын.

Тергеу анықтағандай, 38 жастағы Арман Жетпісов бұрын да сотталған. Атырауда тұратын оның тұрақты жұмысы болмаған екен. «Француз ауданы» тұрғын үй кешеніндегі адамдардың сеніміне кіру үшін ол ұсақ-түйек жұмыс істеп, олармен араласа бастаған. Ал, марқұм Бибігүл Шпанова дәл сол тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып, енді сол үйден паркинг іздеген екен.

Арман Жетпісов сол үйде сантехник болып жұмыс істейтінін және паркинг алып беруге көмектесемін деп әйелден ірі көлемде ақша алған көрінеді. Алайда, уәдесін орындамаған. Сондықтан, марқұм ақшасын қайтарып беруді талап еткен. Паркингке қатысты құжаттарға қол қою керек деген сылтаумен Бибігүл Шпанованың пәтеріне кірген қаскөй оны аяусыз өлтіріп кеткен. 

«Қылмыскер әйелді зорлап, артынан оны пышақтап өлтірген. Пәтерден кетерде марқұмның қымбат заттары мен көлігінің кілтін алып кеткен. Дәл сол көлікпен Маңғыстау облысына барғанда ұсталған. Күдіктіден Шпанованың жеке заттары табылды», - деп жазған еді жергілікті басылымдар. 

Тергеу Арман Жетпісовті алаяқтық, адам зорлау, ұрлық, көлік ұрлау және адам өлтіру баптары бойынша айыптаған. Судья Зарема Хамидуллина күдікті бір емес, екі адамды өлтірді деді.

Кейін сотта қылмыскер «аяғы ауыр екенін білсем, өлтірмес едім» деген еді.

«Сотталушы алаяқтық, зорлау және жүкті әйелді басқа қылмыстарды жасыру мақсатында аса қатыгездікпен өлтіргені, сондай-ақ ұрлық жасағаны және автокөлікті заңсыз иемденгені үшін кінәлі деп танылған және өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына сотталған. Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушы мен оның адвокатының апелляциялық шағымдары бойынша қылмыстық іс қайта қаралды», - деп хабарлайды Атырау соты.

Сот алқасы сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз тапқан жоқ.

«Осыған байланысты бірінші сотының үкімі өзгерген жоқ», - деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.