Қостанайда жаңа туған нәрестесін қоқысқа тастаған көкек ана сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Шақалақтың денесі былтыр қараша айында «Әуежай» ауданындағы қоқыс жәшігінен табылған еді

Фото: ашық дереккөзден

Жаңа туған сәбиін қоқысқа лақтырып кеткен тасжүрек ана 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Қостанай соты осындай үкім шығарды. Сот 27 жастағы келіншектің екі жасөпірім баласы бар екенін ескеріп отыр. Көкек ана болса, «Шақалақ өлі туды деп ойладым», деп ақталып отыр.

 «Жаңа туған сәбиге жедел медициналық жәрдем көрсетуге мүмкіндігі бола тұра, ол көмекке жүгінбеді. Соның салдарынан бала көз жұмды. Сәбиге суық тиген. Сот оның әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 104-бабының бірінші бөлігі бойынша дәрежелеген», - деді Қостанай облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Зәуре Едикова.

Еске салайық, шақалақтың денесі былтыр қараша айында «Әуежай» ауданындағы қоқыс жәшігінен табылған еді. Қара сөмкеге салынған сәбиді аула сыпырушысы аңғарып қалып, полиция шақыртқан.

Баласын тастап кеткен көкек аналар Қостанайда аз емес. Соңғы жылдары ғана облыста  осындай үш жантүршігерлік жағдай тіркеліп отыр. Тасжүрек аналардың бірі баласын құдыққа тастап кетсе, енді бірі нәрестесін молаға қалдырып кеткен.