Ел ағаларының ерсі қылығы талқыға түсті
Тойханаға есек кіргізіп, мерейтой иесін құттықтаған ересектер ұятқа қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде тараған видеодан той иесінің 50 жасқа толып жатқанын байқауға болады. Оның сыныптас, дос-жарандары «ерекше» құттықтағысы келіп есек алып келген. Жануардың арқасына 50 жас деген жазуы бар тақтайша орнатылған, шарлармен сәнделген. Қатты музыка болып жатқан жерге есек кіргісі келмей қырсықтық танытса да, үлкендер оны артынан итеріп, мойнындағы арқан жіптен тартып кіргізді.
Желі қолданушылары тойға келген топтың әрекетін сынап жатыр.
«Жабайылық қой мынау», «жануарсыз идея құрып қалып па?», «дөрекі, мәдениеттен жұрдай ақымақтар», «ас тұрған жерге есекті әкелу ұят енді, сананың төмендігі ме, қалай болғаны?», «50-ге келген ел ағаларымыз осылар болса, жетісіппіз» «не деген дарақылық, ана хайуанда нелерің бар, обал емес пе?! Т...ш...п, с...іп тастаса кім жуады? Байғұс техперсонал. Ұят жағдай, қазақ десең өзіңе тиеді, үп -үлкен адамдар баланың қылығын жасап жүр», - деген пікірлер жазылып жатыр.
Бұған дейін, тойларға жылқы, түйе кіргізген жағдайлар болған.