Полицияның мәліметінше, бұл тұзаққа зейнеткер де, кәсіпкер де, тіпті құқықтық сауаты бар азаматтар да түседі
Астана қаласы Полиция департаментінің аға жедел уәкіл Айдар Қонысбек алаяқтар азаматтардың ең жанды жерін тапса, оны кз келген сомаға алдап кете алады дейді. Оның айтуынша, қазір адаммен бетпе-бет кездеспей-ақ оның ақшасын қолды ететін алаяқтардың «ескірмей» келе жатқан бірнеше әдісі бар, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Біріншіден, халық цифрлық қызметтерді белсенді пайдаланып жатыр. Екіншіден, банктік қосымшалар, онлайн несиелер мен электронды сервистер қолжетімді. Үшіншіден, айлакерлердің әрекет ету тәсілдерінің үнемі өзгеріп, күрделене түсуі. Сондықтан телефон арқылы алданбау үшін әр азамат сақтық шараларын біліп қана қоймай, оны күнделікті әдетке айналдыруы тиіс», - дейді ол.
Айдар Қонысбектің polisia.kz сайтына берген сұхбатында айтылғандай, алаяқтар бірнеше әдісті үнемі қолданады.
«Алаяқтар «Балаңыз жол апатына түсті», «туысыңыз полицияда отыр» деген сынды жалған ақпарат таратып, мәселені «ақшамен шешуді» ұсынады. Мұндай кезде эмоцияға берілген адам логикалық ойлауды ұмытып, алаяқтардың талабын орындап қоюы мүмкін. Тіпті кей жағдайда медицина қызметкерінің, «Қазпошта» өкілінің атын жамылып та қоңырау шалады», - дейді Айдар Қонысбек.
Қандай жағдай болмасын, Айдар Қонысбек қоңырау шалған адамның мекемесіне қайта телефон соғу керегін және ең бастысы оған ешқашан код айтпауды ескертіп отыр.