Стоматологиядағы бала өлімі: енді тіс емханаларын кез келген уақытта тексеруге болады

Автор: Бақыт Шынар

Денсаулық сақтау министрлігі бұның алдындағы шектеуді жойды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

2026 жылдың қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін кез келген уақытта тексеруге болады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Дереккөзге сүйенсек, осыған дейін жеке клиникалар мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оларды үш жылға тексеруге болмайтын еді.

«2026 жылдың қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеуден кейін алғашқы үш жылда тексеруге болмайды деген тыйым жойылады. Бұл шара қадағалау шарттарын теңестіруге және медициналық ұйымдардағы заң бұзу фактілерін ерте анықтауға мүмкіндік береді», - деп хабарлайды ДСМ.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір Қазақстанда медициналық қызметке лицензиясы бар 22 905 денсаулық сақтау субъектісі, оның ішінде 8 803 мемлекеттік медициналық ұйым, 14102 жеке денсаулық сақтау субъектісі тіркелген.

Осы субьектілер арасында жекеменшік тіс емханалары да бар. Былтыр Қазақстанда 18 тісін қатар емдеген кішкентай бүлдіршіннің өлімі резонанс тудырған еді.