Трансляциялар 3 платформада көрінген екен
Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Бішкек қаласының Первомай аудандық ішкі істер басқармасымен бірлесіп, интернет арқылы жезөкшелік пен азғындықты ұйымдастырды деген күдікпен бір топ адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметке сәйкес, Қырғыз Республикасының азаматтары «А.А.А.», «Б.Б.С.», «Э.А.Э.» және «О.Э.К.» Бішкек қаласы мен Қазақстан Республикасының аумағында вебкам-студиялар желісін ұйымдастырып, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз еткен.
Тергеу барысында күдіктілер заңсыз қызметін жасыру мақсатында Бішкектің әртүрлі аудандарынан пәтерлер жалдағаны анықталды. Ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайларындағы тінту кезінде веб-камералар, жарықтандыру құралдары, компьютерлік техника, сондай-ақ эротикалық онлайн-трансляцияларға арналған киімдер мен өзге де атрибуттар тәркіленді.
Құзырлы органның хабарлауынша, вебкам-трансляциялар «Chaturbate», «Stripchat» және «BongaCams» платформаларында жүрген, заңсыз табыс «Binance» криптовалюта платформасындағы әмияндарға аударылып отырған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іске қатысы бар өзге адамдарды анықтау және барлық мән-жайды нақтылау мақсатында тергеу-жедел іс-шаралары жалғасып жатыр.